CaspianLife, 13 қыркүйек — Алматы-Ақтау бағытындағы ұшақтың мас жолаушысы экипаждың және Ақтау қаласының әуежайында желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған, деп хабарлайды CaspianLife.
Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айында Қазақстанның әр өңіріндегі көлік полицейлері 33 749 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 3353-і алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде шыққаны үшін, 514-і ұсақ бұзақылық үшін, 38-і әуе кемесінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Мысал ретінде, Б.Малыбаев Ақтау әуежайындағы желілік полиция бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілінен Алматы-Ақтау рейсіндегі жолаушыға шара қолдану туралы хабарлама түскенін айтты. Тексеру барысында көлік полицейлері 24 жастағы Ақтау қаласының тұрғынын анықтады. Өтініш берушілер ер адамның мас күйінде ұшу кезінде өзін дұрыс ұстамағанын, әдепсіз сөздер айтқанын және экипаждың талаптарын орындамағанын айтты.
Б.Малыбаевтың айтуынша, құқық бұзушы полиция бөлмесіне апарған кезде желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің заңды талабына да бағынбаған.
Азамат ҚР ӘҚБтК-нің келесі баптары бойынша құқық бұзған:
— ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде қоғамдық орындарға келу),
— 434-баптың 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық),
— ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабының 1-бөлігі (Әуе кемесіндегі мінез-құлық ережелерін бұзу),
— ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды бұйрығына немесе талабына бағынбау)
«Жолаушыға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық және бағынбау фактілері бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды», — деді Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев.
Сондай-ақ, ол құқық қорғау органы қызметкерінің заңды бұйрығына немесе талабына бағынбаған жағдайда, құқық бұзушыға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынатын айтып өтті.