CaspianLife, 5 қыркүйек — Салынып жатқан жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді. Әлеуметтік желілерде Ақтаудың шағын аудандарының біріндегі үйде бетон құлағанын айтып жатқан құрылысшының видеосы таралуда, деп хабарлайды CaspianLife mangystaumedia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
— Бұл менің бөлмем. Міне, мына жерде жатын бөлмем, заттарым, құжаттарым осында болды. Бетон құлап түсті. Жұмысқа шығып кетіп едім. Төсегім, барлық заттарым жертөлеге түсіп кетті, – дейді ер адам. Зардап шеккендер жоқ.
Тағы бір аудиохабарда бұл 29 “а” шағын ауданындағы үй екені айтылған.
“Тұрғындар үй таңдауда мұқият болу керек, сапасына қарауы керек. Тұрғындар тарапынан да, бюджеттен де қаншама миллиардтаған қаржы құйылып жатыр. Үйлер қытай арматурасынан салынған, ол өте жұқа”, — делінген хабарламада.
Оқиға орнына Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали барды.