CaspianLife, 24 тамыз — Бүгінгі таңда ең кең таралған алаяқтықтың бірі — интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Олар жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы сайт ашады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері – олар: ғаламторда сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Биыл Атырау облысында 409 интернет алаяқтық қылмыс тіркелген. Олардың басым көпшілігі, яғни 314-і интернет арқылы тауар немесе қызмет көрсету түрлеріне алдын-ала төлем жасаған азаматтардың алдануы. Ал жалған сілтемелер арқылы ақша қаражатын жымқыру — 8, онлайн несие рәсімдеу арқылы алданған — 39, өзгенің атын жамылып жалған аккаунттар ашып алдаған — 6 дерек тіркелген. Зерттеуге сәйкес, интернет алаяқтардың құрбандары 30-50 жас аралығындағы тұрғындар. Интернет алаяқтық соңғы 3 жылда еліміз бойынша белең алып отырған қылмыс түрі. Оның басты себебі адамдардың жеке құжаттарын жоғалтып алудан туындап отыр. Алаяқтар құжаттағы ЖСН сандары арқылы онлайн несиелер рәсімдеген. Сондай-ақ, жасөспірімдердің интернетке қымбат ұялы телефондар сатамын деген жарнамаларына алданған адамдар да кездеседі. Сондай-ақ, былтыр шетел азаматтары тарапынан жасалған алаяқтық қылмыстар көбейген. ҚР ІІМ Украинада биткоин, арнайы инвистициялық бағдарламаларды жасаумен айналысатын, банк қызметкерлері болып телефон шалатын қылмыстық топты ұстаған. Полиция қызметкерлері тұрғындарға өз қауіпсіздігін сақтауда жеке тұлғаға байланысты ақпаратты ешкімге айтпауға кеңес береді.
Фото: aikyn.kz