CaspianLife, 23 тамыз — Бүгінде 2 мыңнан астам атыраулық банкроттыққа өтініш берген, деп хабарлайды Caspian Life.
Мемлекет олардың барлығын «банкрот» деп танып жатқан жоқ. Мысалы, 1546 азаматтың арызы мақұлданбаған. Оған борышкердің немесе зайыбының атында мүліктің болуы, кәсіпкер ретінде тіркелгендігі, атаулы әлеуметтік көмекті 6 айда аз мерзімде алуы, 1 жыл ішінде қарызды ішінара өтегені себеп болған.
Ал 302 азаматтың өтініші алдын-ала мақұлданыпты. Бір қызығы, өтініші мақұлданған екі азамат кейін өзін банкрот деп танудан бас тарқан. Ал қалғандары қаралуда, дейді мамандар.
«Ал алдын-ала мақұлданған 302 өтініштің түпкілікті шешімі 6 айдан кейін шығады. Ол енді жеке сайттарда болады немесе жеке тұлғаның e.gov порталындағы жеке кабинетіне жүктеледі», — дейді Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы Мүнира Алмурзина.
Жалпы өңірде қарызын өтей алмай отырған 15 мыңға жуық адам бар. Олардың бережағы 344 миллион теңгеге жуықтайды. Айта кетейік, соттан тыс банкроттық туралы арызды eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшалары арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, жазбаша түрде беруге болады.