CaspianLife, 18 тамыз — Сағыз ауылында «Жастар жырлайды» атты жас ақындар байқауы өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шараға 18 бен 35 жас аралығындағы 11 ақын қатысып, 6 сағат бойы ауыл халқына тартысты жыр додасын ұсынды.
Бүгінгі айтыстың ерекшелігі ақындардың жеребе арқылы жұпталуы болды. Олар көрермен таңдап берген жұптарымен 15-20 минут айтысып, оза шапқаны келесі кезеңге жолдама алды. Супер финал атыраулық Өнербек Дәулекенов пен жылыойлық Ернұр Исахаевтың арасында өтті. Қазылардың шешімімен атыраулық айтыскер жеңімпаз атанды, алайда ағасы інісіне жол беріп жеңісін сахна төрінде махамбеттік жас ақынға табыс етті.
Іс-шараның мақсаты – айтыстағы жаңа есімдерді тауып, үздіктерін анықтау. Айтыскерлер ауылдағы мәселелерді, нақтылағанда, ауыз су, жол, спорт алаңының құрылысын, жастар арасындағы келеңсіздіктерді жырларына арқау етті. Рухани шөлдеген Сағыз халқы аудандағы проблеманы дөп басқан айтыскерлердің өнеріне риза болды. Оған зал толы көрермен мен олардың ыстық қошеметі дәлел.