CaspianLife, 16 тамыз — Алмалы ауылдық округіндегі «Жаңа құрылыс-3» көшесінде тұратындар электр қуатының аздығына шағымданады.Өйткені, олардың үйлеріндегі тұрмыстық техникалар жиі өртеніп кететін көрінеді, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазір көшедегі бағаналар арқылы жоғары кернеулі ток жүріп жатыр. Бұл бағаналар жол салу жұмыстарына кедергі келтіруде. Яғни, тұрғындар биылдан қалмай көшеге жол салып, кернеуі 220 волт болатын ток жүргізіп беруді сұрайды.Жергілікті атқарушы орган мәселенің барынан хабардар. Жол да салынады, ток та жүргізіледі деп отыр. Қалалық әкімдіктегілер биылдан қалмай жол салу жұмыстарын бастаймыз дейді. Қазіргі уақытта мердігер мекеме электр бағаналарының орнын ауыстыру бойынша жұмысты бастап кеткен.
Алмас СӘРСЕНОВ, Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары
«Жаңа құрылыс көшесіне тас жол төсеу жоба бойынша қарастырылған болатын. Аталған жобада жоғары кернеулі электр желілерін оқшаулап, жол бойынан тыс жерге көшіру жұмыстары қарастырылған. Ең алдымен теңгерім ұстаушы мекемелермен келісім жасау, зерделеу жұмыстары және көшіру жұмыстарын жүргізуге ең алдымен мердігер мекемемен келісім шарт жасақтасу жұмыстары қарастырлған болатын».
Жалпы биыл Алмалы ауылындағы 21 көшеде жалпы ұзындығы 10,3 шақырым жол салу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта18 көшеге жолдың негізгі қабаты төселген. Бұл жұмыстар жалғасады дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер.Жалпы бұл жұмыс үшін 3,4 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы уақытылы бөлінген жағдайда бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.