CaspianLife, 15 тамыз — Атырау облысындағы мектеп оқушыларын тасымалдау үшін жаңа 23 автобус сатып алынады. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов үкімет отырысында айтты. Көлік сатып алу үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыстағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндаған әкімге сенсек, биыл 1 мың интерактивті тақта мен 500 компьютер сатып алыныпты. Ол үшін қазынадан 1,9 миллиард теңге бөлінген. Ал оқушыларды кітаппен қамтуға жұмсалған қаржы 2 миллиард теңге. Оқулықтар тамыздың 25-іне дейін жеткізілмек. 1,3 миллиард теңге барлық мектепті жедел басқару орталығына қосу үшін бөлініпті. Қазіргі уақытта өңірде мектептердің 70 пайызы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл республика бойынша төмен көрсеткіш. Серік Шәпкеновтың айтуынша, биыл облыстағы 25 мектепті жаңғырту жұмысы басталды. Алайда, қазір бесеуі ғана балаларды қабылдауға дайын. Қалған білім ордаларындағы жөндеу жұмысы желтоқсан айында аяқталады деген жоспар бар.
Фото: inform.kz