CaspianLife, 10 тамыз — Биылғы қыстың қарлы, көктемнің жауын- шашынды болуы ата кәсіпті нәсіп еткендер үшін қолайлы болып тұр. Қызылқоғалық шаруалар көк майсаға орақ салуды бастап та кетті, деп хабарлайды CaspianLife.
Өнім көңіл қуантарлық. Қазіргі таңда биылғы жылға жоспарланған 105325 тонна мал азығының 27672 тоннасы дайындалды. Жоспар бойынша ауданға биыл 138 000 тоннаға жуық мал азығы қажет. Былтырдан қалған 32 000 тонна шөпті қоспағанда, енді 105 325 тонна жем-шөп дайындалуы қажет. Бұл жұмысқа 123 трактор, 93 тіркеме,109 шабу агрегаты пайдаланылуда.
Шөпке алғаш боп орақ салғандардың бірі — Саламат Қаленов. Техникасын сайлап, қыстың қамына кіріскен шаруа биыл 150-200 тонна шөп жинауым тиіс дейді.
«Осы 2023 жылдан бастап мал азығын дайындаумен айналысып жатырмыз. Биылғы жылы мынау өр суының келуіне байланысты жер өте жақсы.Түсім жақсы. Жергілікті билік органдарымен, округтермен келісіп жер алып мал азығын дайындап жатырмыз. Халыққа дайындап жатырмыз, өзімізге дайындап жатырмыз. Меморандумға қол қойдық. Әкімдік жағынан барынша қолдау болып жатыр. Қазір мемлекет жағынан техникаларды субсидиялау, жеңілдетілген несиемен беру, ескірген техниканың барлығын жаңартып жатырмыз» — деді шаруа Саламат Қаленов.
Қызылқоғадағы 500-ден аса қожалық соңғы кездері мал басын өсірумен шектелмей, жайылымдық шөп егуді де қолға алды. Оған үкімет тарапынан көретілетін көмек те ықпал етсе керек. Округ әкімдері мал азығын жинау мақсатында 25 қожалықпен меморандумға қол қойған.
«Округтер арғарай осы гектарды қожалықтарға бөліп меморандум жасау арқылы халыққа тұрақты бағада шөп сату ұйымдастырып жатыр. Енді шөптің бағасы ауылға жақын орналасқан жерлер енді көк шөптер дейді ғой солардың бағасы 200кг-4500, 300кг-6000теңгеден, мынау қырдағы алыста Темірбайда орналасқан шөптердің бағалары 200кг-5500, 300кг-7000 теңгеден сатып жатыр» — деді Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нуралин.
Биыл аудан басшылары мал азығы бағасын тұрақтандыру үшін бос жер қорынан округтерге жалпы аумағы 69 мың гектарға жуық жер берді.