CaspianLife, 7 тамыз — Атыраулық белсенділер Жайық өзенінің сағасын тереңдету жұмысын тоқтатып, теңіз тамағына гидротехникалық нысан салған жөн дейді, деп хабарлайды CaspianLife.
«Суды Каспийге қосу емес,суды сақтаудың амалын қарауымыз керек. Суды жинауымыз керек. Баяғыдан бері ұсынысым теңізге қосатын жерге үлкен шлюз салып, регулировкасы бар, судың деңгейі көтерілген кезде жәйлап жіберіп тұратын бір рыбоходный канал жасап, сол каналмен деңгейді түсірмейтін канал жасау керек. Басқа амал жоқ. Қазір 2 облыстың халқын сусыз қалдырайын деп отырсыздар» — дейді белсенді Дидар Хамзин.
Бұл мәселе AMANAT партиясының Атырау облыстық филиалының жанындағы аймақтық экология жөніндегі кеңес отырысында көтерілді. «Балықшылардың жағдайын ойлаймыз деп, қарашаны ауыз судан қақпауымыз керек» деп отырған белсенділерге әкімдіктегілер сағаны тереңдету жұмысы жалғасады деп ашып айтты.
«Қазіргі уақытта жалғыз ағып келіп тұрған өзенді тоқтатып, ол жерге су жинау үшін үлкен жұмыстар жүргізілу керек, ғылыми зерттеу жасалу керек. Ол жердің астының почвасы дейді ғой, соның бәрін қарап тексеру керек. Суды ұстау оңай болады, бірақ қазірдің біздің деңгейге есептеп қарағанда тұрған ауылға да шығып кету керек. Қауіп төнуі мүмкін» — деді Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.
Әкімдік Жайық және Қиғаш өзенінің тамағын тереңдету үшін үкіметтен биыл 5 миллиард теңге сұраған. Алайда, жоғары жақ қажетті қаражатты бөлген жоқ. Енді әкімдіктегілер жоспардағы жұмысты жалғастыру үшін министрліктің көмегіне мұқтаж. Экологиялық мәселелер қаралған жиында кәріз суларын пайдаға асыру туралы да ұсыныс айтылды.
«Қазіргі таңда КОС жүйесін қарайтын болсақ, кәріз суларын тазарту олар былайша айтқанда техникалық деңгейге дейін бізге жеткен мәлімет бойынша олар қолданбай отыр. Яғни, техникалық деңгейге жеткізіп отыр. Ал біздің бүгінгі қойып отырған талабымыз – ауыз су деңгейіне дейін тазартуымыз керек. Оны шешу үшін қарапайым келесі саты сүзгі керек. Ол көп қаражатты талап етпейді. Өйткені, 3 жылдан бері осы тақырыпты айтып жүрмін. Бірақ, басшылар келеді, кетеді» — деді Amanat партиясының мүшесі Бексұлтан Дүйсенғұл.
Бексұлтан Дүйсенғұлдың бұл ұсынысын әкімдік өкілдері ескеретінін айтып, кәріз суларын тазалап отырған компания өкілдерімен кездесіп, талқылау үшін тағы бір жиналмақ болып келісті. Кеңес отырысында 2023-2027 жылдары Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандары аумағында 54 га аумақтағы құмды тоқтату, Жайық өзені және Каспий теңізін суда жатқан ірі заттардан тазалау керектігі де айтылды.
Фото: Aikyn.kz