CaspianLife, 4 тамыз — Маңғыстауда 9 маусымда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында шыққан өрт әлі де сөнген жоқ, деп хабарлайды Caspian Life.
Қазіргі таңда отты ауыздықтау жұмыстарымен «Бозашы мұнай» ЖШС, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің «Ақ Берен» Маңғыстау облыстық филиалы, «Өртке қарсы қызмет & Fare Safety» ЖШС және басқа да компаниялардың басшылығынан құралған штаб айналысуда. Одан бөлек, оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылығымен арнайы комиссия құрды.
«2023 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында болған өрттен кейін барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылды.Сондай-ақ халықаралық Halliburton және Schlumberger компанияларымен кеңесу барысында апатты жоюдың түрлі тәсілдері қарастырылды», — делінген Маңғыстау облыстық экология департаментінің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Мамандар ұңғымадағы апатты жою ағып жатқан газдың жануы және басқа да жағдайларға байланысты қиын дейді. Егжей-тегжейлі талдаудан кейін №303 жанып жатқан ұңғымаға қысымды төмендету үшін №305 бағыттамалы ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылданған.
Өрт шыққан аумақ елді мекендерден қашықта орналасқан. Сондықтан, тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ.
Айта кетейік, кен орнында барлау жұмыстарын «Бозашы мұнай» компаниясы жүргізеді. Өрт кезінде бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Оның барысында газ-су қоспасы бөлініп, тұтану орын алған. Мердігер компанияның барлық қызметкерлері дереу эвакуацияланған. Газ өндіру жұмыстары жүргізілмегеніне қарамастан, «Бозашы мұнай» компаниясы заңға сәйкес апатты жою бойынша барлық шығындарды өз мойнына алып отыр.