CaspianLife, 3 тамыз — Құрманғазы ауданында 2 жылдан бері экспонат болып тұрған құны 100 миллион теңгелік «БК-100» маркілі баркас жуықта халық игілігіне қызмет ете бастайды, деп хабарлайды CaspianLife.
Мұны аудандық әкімдіктегілер айтып отыр. Жасталап пен Көптоғай ауылдарын байланыстыратын 30 тонналық жүзбелі көпір де, жасалғанына 70 жыл болған су көлігі тек әр жерін жамап-жасқаумен ілдәлдалап жүріп тұрғанын осыдан 2 жыл бұрын айтқан едік.Әкімдік сол жылы су көлігінің қазан-қараша айында пайдалануға берілетінін хабарлаған. Сол уақытта аудан әкімі қазір облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев болған. 2 жыл бұрын анықталған кемедегі ақау енді толығымен жөнделіп, ауылдық әкімдіктің балансына өтпек. Кейін ол сенімгерлік басқаруға беріледі.
«Жекелей ақша бөлінген жоқ, поставка жасаған мекемеге байланысқа шықтық. Ол мекемелер созбалаңға салып кетті. Ертең келеміз, әні барамыз, міні барамыз. Сосын затын әкелем деп, ол жерде ауыстыратын зат керек болды. Қазіргі уақытта бәрі жасалды. Енді джостикпен жүргізуді капитандарға үйретіп, көрсету қалды» — деді Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.
Бір қызығы жаңа«БК-100» маркілі баркастың қыста қатынауға жарамсыз. Шенеуніктердің айтуынша, қыста ескі су көлігі пайдаланылады. Оны жөндеу үшін бюджеттен 28 миллион теңге қарастырылған. Көптоғайлықтар бірнеше жылдан бері ауданды басқарған әкімдерден 1200-ден астам адам тұратын аралдағы ауылға қол ұшын созуды сұраған. Бәрі де қолдан келгенше көмектесеміз дегенмен, нақты шешімін тапқан басшы болмады.