CaspianLife, 3 тамыз — Атыраудағы бином мектептерінде қазақ тілінде оқытатын 1-4 сыныптарда орын бар. Бірақ көп емес. Бұл бастауыш сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау аяқталған соң белгілі болды, деп хабарлайды CaspianLife.
«Нұрсая» ықшам ауданында орналасқан «Әл-Фараби» атындағы мектепте екінші және үшінші сыныптың әрқайсысында 2 орыннан, төртінші сыныпта 10 орын бос тұр. Ал «Сарыарқа» ықшам ауданында орналасқан Д.Қонаев атындағы мектепте үшінші сыныпта 2 орын, төртінші сыныпта 1 орын бар. Бұған дейін мектеп басшылығы «тұрғылықты жеріне қарамастан балаларды қабылдай аламыз, бірақ бос орын қалса ғана» деп ескерткен. Қазір келген арыздың бәрі қаралу үстінде. Ал талапқа сәйкес келмегендері қабылданбайды. Оған құжаттардың толық болмауы немесе дұрыс толтырылмауы, тұрғылықты жері әсер етеді.
«Бәрі үшін үлкен жаңалық! Жақсы мектеп балаларын барлық ата-ана бергісі келеді. Енді біз алдында Биномға қабылдауды бастамай тұрып, жасалған сауалнама бойынша 38 мың ата-ана осы Биномға құжатын бергісі келетінін көрсетілді. Және бірінші күндері қатты жанжалды да болды. Наразылық да болды. Неге десеңіздер микроучасток бойынша ғана құжаттарды қабылдайды, Қабылдаған соң оны сараптайды. Бірінші күні сараптама нәтижесінде 40 пайызы оның құжаттары қабылданған жоқ. Қазіргі таңда 5-9 сыныптар бойынша да осы жүйе қолданылып жатыр» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.
Бастауыш сыныпқа қабылдаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы орта мектеп 1894, ал Д.Қонаев атындағы орта мектеп 1897 өтінішті растады. Қазір қалған бос орындарға бала қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, кеше ғана 5-9 сыныптарға құжат қабылдаудың бірінші күні аяқталды. Оның қорытындысына қарасақ Әл-Фараби атындағы орта мектепке 1431 , Д.Қонаев атындағы бІлім ордасына 1158 өтініш қабылданған. Еске салайық, құжаттар тек mektep.snation.kz порталы арқылы қабылданады.