CaspianLife, 2 тамыз — Маңғыстау облысында табиғатты пайдаланушылар 300-ден астам заң бұзған. Және 400 миллион теңгедей қаржылық міндеттемені орындамапты, деп хабарлайды CaspianLife.
Өңірде пайдалы қазбаны өндіріп, карьер қазумен айналысатын 258 кәсіпорын болса, оның 40 пайызының жұмысынан ақау анықталды. Заң бұзушылықтардың қатарында пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жылдық есеп беруге қатысты 12, жалпы алаңы 512 га карьерді рекультивациялау туралы келісім-шарт талабын орындамаудың 42 фактісі тіркелді. Одан бөлек, жалпы көлемі 100 гектар болатын лицензиялық және келісімшарттық аумақтардың шекарасын сақтамаудың 78 фактісі анықталды.
«Келісімшарт бойынша табиғатты пайдаланушыларға арнайы аумақ бекітілген, ал бұл жерде жер қойнауын жеке пайдаланушылардың басып алғаны белгілі болды. Бұл фактілер бойынша уәкілетті органдарға ұсыныс береміз, заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады» — деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев.
Kyzylorda-News.kz