CaspianLife, 2 тамыз — Биыл Қиғаш өзенінің сағасындағы табиғаттың ғажап сыйы саналатын, көргенге таңғажайып әсер қалдыратын лотос алқабын көруге келгендердің саны артқан, деп хабарлайды CaspianLife.
Шыны керек, судың бетінде гүлдеп тұрған, қауызы жуан жұдырықтай өсімдіктің әдемілігін тек көзбен көрген дұрыс. Лотостың дәл осы ал қызыл түсті түрі әлемде сирек кездеседі. Биіктігі 150 сантиметрге дейін жететін лотос шілде айының ортасынан тамыздың соңына дейін гүлдейді. Айдын бетін абат баққа бөлеп тұрған, көп дінде тазалықтың символы есептелетін гүлді жұлуға болмайды. Себебі бұл еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізімінде.
Бұл алқапқа жету үшін ең алдымен аудан орталығына жақын орналасқан Теңіз ауылынан жалдамалы қайыққа отыру керек. Өзен салаларының жиегінде су лалагүлі өседі. Қайықпен аумақты араласаңыз, аққұйрық субүркітін, кішкентай герон мен су құзғыны сияқты құстың түр-түрін көруге болады. Қазіргі уақытта жұмыс күндері лотосты көруге кем дегенде 15-20 адам келетін болса, демалыс күндері олардың саны он есе артады.
«1,5 сағаттың үстінде жүріп келдік. Қайықпен інілеріміз алып келіп жатыр. Бәрін таныстырып, көрсетіп. Өте әдемі жер. Жолшыбай құстың түр түрін де көріп жатырмыз, түсіріп те жатырмыз. Жалпы Қазақстанның табиғатына жететін табиғат жоқ деп ойлаймын. Ең бірінші, еліміздің бірінші табиғатын көріп танып, біліп барып, шетелге шығып, салыстырасың. Сондай табиғат біздің елімізде де бар.Сондықтан барлығын да осы жерге шақырамын» — деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Мирагүл Мирғалиқызы.
Осы аптада бұл алқаптың сұлулығы мен ерекшелігін қағаз бетіне түсіру үшін суретшілер жиналды. Нақтырақ айтсақ, «Су бетіндегі сұлулық» атты суретшілердің республикалық пленэрі өтті. Іс-шараға атыраулық суретшілерден бөлек, өзге өңірлердің мықтылары жиналды. Олар батпақты жердегі табиғат сұлулығын қылқалам арқылы суреттеді.
«Бір елдің табиғаты мақтанышы деп айтуға болады ғой. Суретшілер қауымы келіп, кейнеп бетіне бейнелегені тіптен нұр үстіне нұр боп кетті.+Шара биік деңгейде өте керемет, әсерлі болып өтуде.Қуаныштымыз,мынандай табиғатты қастерлеу керек, тамашалау керек,насихаттау керек деп ойлаймын. +01:12 кенеп бетіне кесікендеме бағыты деп аталады, живопись түрлі түсті майлы бояумен жазылып жатқан жұмыстар. Бүгін мынау қазір бастамасы» — деді суретші Жеңіс Молдабеков.
10 суретшінің туындылары жұма күні Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде көпшілік назарына ұсынылмақ. Қазір ауданда 6 туристік демалыс орны жұмыс істеп тұр. Оларда демалу құны 15-60 мың теңге аралығында. Бір күндік баға көрсетілетін қызметтерге байланысты өзгере береді.
«Бізде балық аулау маусымы тамыз айында басталып, қара күзге дейін жалғасады. Негізі балық үнемі бар. Бірақ, туристер күннің аздап салқындағанын күтеді. Германия, Украина, Ресей,Польша, Кипр сияқты шетелдерден және Қазақстанның өңірлерінен келеді. Біз де туристерді күтіп алып, олар кеткенше қызмет көрсетеміз. Асхана,интернет, ыссы су, жуынатын жер бар. Яғни барлық жағдай жасалған. Осы орайда, жергілікті туристерге қарағанда сырттан келген демалушылар табиғатқа жанашырлықпен қарайды. Олар айналаны таза ұстауға тырысады. Біздің азаматтар да немкетті қарамаса екен деймін» — деді «Хан балық» туристік базасының әкімшісі Валентина Ммалюк.
Туризм саласында бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрген Валентина Мамлюк Құрманғазы ауданына келетіндердің көбі балық аулаудың спорттық түрімен айналысатынын айтады. Олар ең алдымен Қиғаш өзеніндегі балықтың сан алуандығына және олардың көлеміне қызығады екен. Туристерді мұндағы жабайы табиғат қызықтырады. Өйткені, көп жерге цивилизация жетіп қойған. Аудандық әкімдіктегілердің айтуынша, Құрманғазы – туризм үшін таптырмас мекен. Сондықтан, саланы дамытамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр.
«Құрманғазы аудандық мәслихатының 2023 жылдың 17 мамырдағы шешімімен шетелдіктер үшін туристік жарна бекітілді. Шетелдік туристерге арналған жарна – туристердің туристік орындарда болу құнының 5 пайыз көлемінде. Аудан бюджетінің кірістері болып табылады. Салықтық емес түсімдер болып табылады. 10 жер телімі бөлініп, туристік нысандар салу жоспарланған» — деді Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зоя Жағыпарова.
Ауданда туризм саласы соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келеді. Оған, былтыр келген туристердің ресми статистикасы дәлел. Құрманғазыда 2021 жылы 800-ден астам турист демалса, былтыр оралдың саны 3300-ге жуықтаған. Ал биыл алғашқы жарты жылдықта мұнда 846 адам келіпті.