CaspianLife, 27 шілде —Атыраулық экологтар жарты жыл бойы жасаған жұмысты қорытындылап, брифинг өткізді. Олар 6 ай ішінде табиғат пайдаланушы мекемелерге қатысты 68 әкімшілік іс қозғап, 7 миллиард теңгеден астам айыппұл салыпты, деп хабарлайды CaspianLife.
Кейбірі сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылған. Мысалы экологтар қазір NCOC компаниясына қатысты бірінші инстанциядағы сот шешімімен келіспей, аппелияциялық шағым түсіріпті. Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтың сөзінше, олар былтыр жыл соңында «Қашаған» кен орнына профилактикалық бақылау жасап, 10 заңсыздықты анықтаған. Оның бесеуі күкіртке байланысты. Брифингте көтерілген тағы бір тақырып KUS ЖШС маңында орналасқан көлшікке қатысты. Компания жасанды көлшікті шілде айының соңына дейін құрғатуы тиіс. Экологтар мекеме талапты уақытылы орындамаса әр күн үшін ақша төлейтінін айтады. Қазіргі уақытта көлшікті тазартуға жауапты және сол жердегі суды басқа учаскеге жіберуі мүмкін деген компанияларға қатысты тексеріс басталып кеткен. Тағы бір жаңалық. Осы айдың басында апатты жағдайға байланысты ауаға 8 мың текше метр технологиялық газ жіберген АМӨЗ-ге қатысты жоспардан тыс тексеріс алдағы аптада басталмақ. Сырым Тілегенов соңғы кездері айтылып жүрген «Атырауды экологиялық апатты аймақ деп тану туралы» пікірге қатысты ойын айтты. Ол жергілікті халық талабының орынды екенін, алайда Атырауды экологялық төтенше аймақ деп тану үшін жергілікті әкімдік пен үкіметтің бірлесіп жүйелі жұмыс істеуі қажет деді.