CaspianLife, 21 шілде – «Бином» мектебіне құжат тапсыра алмағандар платформа жұмысына наразы деп хабарлайды caspianlife.kz.
1 ауысымда 2000 балаға білім беруге қауқарлы БИНОМ мектебінде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан, кез келген ата-ана өз баласын осында оқытқысы келеді. «Олардың арасында алыс ықшам аудан тұрғындары да бар. Содан болса керек, жақын маңда тұратындардың кейбірі өздеріне тиесілі орыннан айрылып қалдық» дейді. Балалардың құжатын қабылдайтын портал жұмысын таңғы сағат тоғызда бастағанымен, екі минуттан кейін жабылып қалған көрінеді.
«Орысша класста оқитын немерелеріміз өтпей қалды. Сондықтан, бір немеремді үшінші класс болған соң қазақша сыныпқа салдық. Бүгін қарасақ орысша сынып ашылып тұр екен. Енді кері ауыстырайын десем, қайтып бес минутта жабылып қалды. Сонда біз қай уақытта тіркеп үлгеруіміз керек?!», — дейді «Нұрсая» ықшам ауданының тұрғыны Гүлзада Аташева.
«Бізге осы маңда уақытша тіркеуде тұрғандардың балалары бұл мектепте оқи алмайды деді. Онда неліктен сайт олардың құжаттарын қабылдайды? Неге үйді сату-сатып алу келісім шарты бойынша тексермейді? Қасында тұрып бір баламызды тіркей алмай отырмыз, ал олар алыста тұрып үш баласын тіркеп үлгерді. Басқалары бір апта бұрын жақын маңдағы үйге тіркеліп алып, балаларының құжатын тапсырып отыр»,- дейді дейді «Нұрсая» ықшам ауданының тұрғыны Райнагүл Өтемісова.
Бұл орындардың тез толып қалуына мамандардың жетіспеушілігі себеп дейді мектеп өкілі. Сондықтан, БИНОМ мектептерінде орыс тілді сыныптар қазақ тілдіге қарағанда әлдеқайда аз.
«Жоғары сыныптарда орыс сыныптардың саны аз. 1-2 сыныптан. Бір сыныпта 25 бала. Оған парта, отырғыш қоя алмаймыз. Бірінші сынып бойынша қазақ тілдіде 16 сынып, орыс тілдіде 4 сынып. Екінші сыныпта да дәл солай. Ал, үшінші сыныпта 14 қазақ сыныбы, 4-еуі орыс. 4-ші сыныпта да сондай»,- деді Әл-Фараби атындағы Binom School мектебі директорының орынбасары Батыржан Қисамиденов.
Ал, «Бином» мектебіне қай тұрғын үйлердің балалары қабылданатынын облыстық білім басқармасы шешеді. Жауаптылар болса мекен-жайларды мұқият қарап шықтық дейді.
«Картаға қарап бірінші мекен-жайды шығарып бердік . Ол үлкен жұмыс болды. Ішінде қателіктер болды. Тұрғындардың қолындағы мекенжай басқаша жазылған. Ал, картада басқаша тұр деген сиқяты. Тұрғын үй деп тұрған жерлер кәсіпкерлік болып өзгеріп кеткендер де болды. Сол үшін облыстық білім басқармасына комиссия құрып, қарау жөнінде хат жолдадық», — дейді Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Аманбай Хұсынов.
Ал, белгілі бір мекен-жайға уақытша тіркелген ата-аналарды мектеп әкімшілігі де, білім беру басқармасы да тексере алмайды. Дегенмен, тұрғындар тарапынан арыз болса, жауапты органдарға ұсыныс жолдаймыз дейді білім беру бөлімінің басшысы. Қазірге дейін екі мектепке берілген өтініштің 40 пайызы ғана мақұлданыпты.