Caspianlife, 13 шілде — Көп ұзамай АИ-95 жанармайы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Caspianlife.
Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жанармай құю бекеттері АИ-95 бензинінің бағасын өсіруге құқылы. Дегенмен, министрлік олардан АИ-95-тің бағасын күрт қымбаттатпауды сұрап отыр. Елімізде АИ-95 жанармай бағасының өсетіні туралы Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдайдан кейін айтыла бастаған еді. Еске салайық, 1 шілде күні Шымкенттегі зауыт 3-14 шілде аралығында жоспарлы жөндеу үшін жұмысын тоқтатқан еді. Сондықтан, Атырау мұнай өңдеу зауыты АИ-95 бензинін өндіру көлемін 20 мыңнан 45 мың тоннаға дейін көтерді. Алайда, 4 шілде күні Атырау мұнай өңдеу зауыты да МАЭК-тегі апат салдарынан жұмысын тоқтатып, 2 күннен кейін іске қосылды. Энергетика министрі АИ-95 тапшылығының елдегі мұнай зауыттарының есебінен жабылатынын айтты. Қазіргі уақытта қажетті өнім көлемі жергілікті әкімдіктердің өтініші бойынша мұнай базалары мен зауыттардан жеткізіліп жатыр деді Сатқалиев. Ал, Қазақстандағы бірнеше жанармай бекеті енді аталмыш маркалы бензинді Ресейден тасымалдамақ ниетте.
Фото: Сыр бойы