CaspianLife, 10 шілде — Каспий теңізі жағалауындағы 830 гектар жердегі қамыс жанып кетті, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл туралы Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары Асхат Ержанов мәлімдеді. Өртті сөндіруге департамент пен «Ақжайық» табиғи резерватының 100-ге жуық қызметкері жұмылдырылып, 20-дан астам техника пайдаланылды. Сондай-ақ құтқарушыларға қызылордалық әріптестері көмекке келді. Олар МИ-8 тікұшағымен 300 тоннадай су шашып, тілсіз жаудың 80 пайызын сөндірді. Қазіргі уақытта 18 гектар жердегі қамыс әлі бықсып жатыр.
«Өрттің өршуіне ыстық ауа райы мен жел қатты жел әсер етті. Соңғы күндері жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетті. 4 шілдеде Қазгидромет мамандарынан ауа райының қолайсыздығы туралы хабарлама алдық. Демалыс күндері ауа температурасы 40 градустан асты. Оның үстіне қамыс та әбден қурап тұр. Сондықтан, өрт аумағы үлкейе түсті» — деді Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары Асхат Ержанов.
6 шілде күні ТЖД кезекші бөліміне Кеңөзек ауылы тұсында қамыстың өртеніп жатқаны туралы хабар жеткен. Құтқарушылар тікұшақпен барлау жасап, 10 гектар аумақтың жанып жатқандығын анықтапты. Кейін жалын күшейіп, «Ақжайық» табиғи резерватына дейін жеткен.