CaspianLife, 5 шілде — Атыраулықтар шілденің 6-9 аралығында Елорда күнін тойлайды. Астананың 25 жылдығына орай өңірде түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ. Солардың бірі — «Астана елімнің ордасы» атты мерекелік концерт 6 шілде күні кешкі сегізде Бейбарыс сұлтан атындағы алаңда өтеді, деп хабарлайды Caspian Life.
8-9 шілде күндері сағат ертеңгілік 9 бен 12 арасында байдарка мен каноэда ескек есуден чемпионат болады. Өтетін жері – қаладағы ескек есу базасы. Одан бөлек қалалықтар Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханадағы «Астана — арман қала» атты кітап көрмесін 7-ші шілдеге дейін тамашалай алады.
1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады. 1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми көшірілгеннен кейін елордаға қатысты тағы бір маңызды шешім шықты. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді. Қазақстан Республикасының жаңа елордасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Одан кейін 10 жыл бойы қала күні жергілікті халық арасында 10 маусымда тойланатын. Ал 2008 жылы мерекелер туралы заңға өзгеріс енгізіліп, соған сәйкес Астана күні мемлекеттік мереке саналып, 6 шілдеде аталып өтетін болды.