CaspianLife, 5 шілде — Жанұядағы зорлық-зомбылықты азайту мақсатында 1-шілдеден бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдағаннан кейін 4 күнде 50-ден астам іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Caspian Life.
Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін, яғни 4 күн ішінде Атырау облысында 57 іс тіркеліп, оның 55-і сотқа жіберіліпті. Полицейлердің айтуынша, бұған дейін күніне 50 тұрғын хабарласқанмен, оның жартысынан көбі арыз жазбайтын көрінеді. Ал Атырау облысында жыл басынан бері отбасы мүшесінен жәбір көрген адамдардан 4097 шақырту түскен. Оның 70-80 пайызы арыз жазудан бас тартқан немесе жазған арызын қайтып алған.
Заңға енігізілген өзгерістер бойынша енді полицейлер жәбірленушінің арызынсыз-ақ істі тіркей алады. Және екі тараптың татуласуы үшін бір ғана мүмкіндік беріледі. Бұдан өзге қамаққа алу мерзімі де ұзартылған.
«ҚР ӘҚБтК 73 бабы бойынша бұрын жәбірлеуші 5 тәулікке дейін қамалса, бүгін қамау мерзімі 5 күннен басталады. Ал, қайталған жағдайда 10 тәуліктен көп уақытқа дейін әкімшілік қамаққа алынады. Ал, жеңіл дене жарақатын салса 15 тәуліктен бастап қамауда отырады», — дейді Атырау облыстық ПД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Райса Айтжанова.
Ал, заңгерлер таяқтың екі ұшы болатыны секілді, енгізілген өзгерістің пайдасы да, зияны да бар дейді. Жақсы жағы — отбасында зәбір көріп жүрсе де, «жұрттан ұят» дейтіндердің саны азаяды. Сонымен бірге, елімізде ажырасатындардың да қатары көбеюі мүмкін.
«Қазақ халқының менталитеті кешірімге жақын. Сондықтан, кейін күйеуі «кешірмедің» деп, отбасы күйреп жатады. Ал, кейбір ажыраса алмай жүрген азаматтар бұны өз пайдасына қолдануы да мүмкін», — дейді заңгер Рысты Қалиева.
Заңгер мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жас отбасыларға неке куәлігін берер алдында профилактикалық жұмыс жүргізуді қолға алу керек деп есептейді.