CaspianLife, 3 шілде — KEGOK АҚ тарапынан электр энергиясының аяқ астынан берілмеуі себепті Атырау қаласының сол жағалауы түгелдей және оң жағалауындағы кейбір ықшам аудандар жарықсыз қалды, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, АМӨЗ өз жұмысын апатты жағдайда тоқтататуға мәжбүр болды. Мұндай жағдайда өндіріс орнының шығарындыларды ауаға жіберетіндігі белгілі. Қазір зауыт мұржаларынан қып-қызыл жалын шығып, айналаны қою қара түтін басты.
Зауыттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, электр энергиясы қалыпқа келтірілгенше отын желісі факельге жіберіледі. Осы жағдайдан кейін NCOC, ТШО, Атырау жылу электр жүйесі де автономды түрде жұмыс істеуге көшті.
Қазіргі кезде KEGOK АҚ қызметкерлері электр энергиясының не себепті ажыратылғандығын анықтап жатыр. Ал, Атырау жарық жұмысшылары болса тоқсыз қалған ықшам аудандардағы жағдайды қалыпқа келтіруге кірісті. Энергетика министрлігі де елдегі жанар-жағар май қорына байланысты түсінік беріп үлгерді. Олардың ақпаратына сүйенсек, қазір республика бойынша қорда АИ-92 маркілі бензиннің 351 мың тоннасы бар. Ол 23 тәуулікке жетеді, 46 мың тонна АИ-95 15 күнге, 520 мың тонна дизель отыны 29 тәулікке жетеді деп отыр министрліктер.