CaspianLife, 1 шілде — Атырауда 17 өрт сөндіруші жұмыссыз қалды. Оған басшылыққа жалақыны өсіру жөнінде қойылған талап себепші болған. Осыдан кейін «Интергаз Орталық Азия» компаниясына қарасты мердігер GRWORLD олардың бәрін бір күнде жұмыссыз қалдырыпты. Басшылар ауылдық жерде 85 мың теңге айлықпен өмір сүруге болады деген уәж айтқан көрінеді,- деп хабарлайды caspianlife.kz. Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. Өрт сөндірушілер – Мақат ауданының тұрғындары. Осы компанияның балансындағы газ құбырларының қауіпсіздігіне жауап береді. Бірақ бір қызығы жыл сайын қауіпті нысандағы өрт қауіпсіздігіне жауапты компаниялар өзгере береді екен. Сол себепті жұмысшылар ешқандай әлеуметтік төлемсіз, еңбек демалысынсыз өзге компанияға ауыса берген. Осы жылы 17 қызметкер жаңа компанияға өз талабын қойып, тиісті жағдайды жасауды сұраған. Ал басшылықтағылар болса, еңбек шартына келіспей, еңбекақыны көтеруді талап еткенде бәрін бір күнде жұмыстан шығарып жіберіпті.
«85 мың теңге еңбекақы аламыз. Соны 50 пайызға көтер деп талап қойдық. Сол талабымызды орындамай, бізді жұмыстан заңсыз шығарып жіберді. 29 маусымда жұмысқа барғанда «жұмыстан боссыздар» деп орнымызға адам алып, жұмыстан босатып жіберді. 17 адам. Ешқандай ескерту бермей», — дейді өрт сөндіруші Сәлімбай Жұбанғалиев.
Осы жағдайдан кейін Еңбек инспекциясы жұмыс берушімен сөйлескен. Бірақ мердігер еңбекақыны көтеруге қаржылық мүмкіндігіміз жоқ деп қысқа қайырыпты. Дегенмен инспекторлар компания 17 адамды еңбек шартынсыз 27 күн жұмыс істеткені үшін жауапқа тартылады деп отыр.