CaspianLife, 23 маусым — Биыл Талдыкөл ауылының 6,2 шақырым кірме жолына күрделі жөндеу жасалады деп хабарлайды caspianlife.kz. Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның жалпы құны 2 млрд. 59 млн. теңге. Биылға облыстық бюджеттен 302 млн. теңге қаржы бөлінген.
«Кірме жолға жөндеу жүргізуді халық көп жылдан бері сұрап келеді. Өткен жылы барлық жобалық құжат аяқталды. Биыл аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жөндеу жұмыстары басталғалы отыр. Кірме жолмен қатар ауылішілік жолдар да салынып, көше жарығы тартылады. Бұған қоса балабақшаның алдына көлік тұрағы салынады»,- деді Талдыкөл ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашев.
Ал аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың айтуынша, осы жылдың тамыз айына дейін мемлекеттік сатып алу жүргізу, мердігер анықталады. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталады деп күтілуде. Жұмыс жоспар бойынша жүрсе 8 айдың ішінде аяқталады.