CaspianLife, 22 маусым – Атырау облысында үйірлі шегірткеге қарсы 28 200 гектар жерге химиялық препарат себу жоспарланып отыр деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Бұл жұмыс Құрманғазы, Исатай аудандарындағы шабындық және жайылымдық жерлерде жасалады. Қазір саяқ жүретін қауіпті шегіртке — итальян прусына қарсы 5600 гектар жер уланған. Ал азия шегірткесінен сақтану мақсатында 22 600 гектар жер химиялық өңдеуден өтуде. Сонымен қатар қала маңындағы Кеңөзек ауылдық округіне қарасты 500 гектар жер уланады. Мұның барлығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
«Саяқ шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарына қаржы жергілікті атқарушы орган бөлу керек. Бірақ биыл саяқ шегірткеге болжам жоқ. Олардан қауіп жоқ. Ал үйірлі шегірткеден қауіп көп. Өйткені, үйірлі деп аты айтып тұрғандай үйірленіп ұшқан кезде бірнеше километрді артқа тастап ұшады. Сондықтан шегірткенің осы түріне аса мән беріп отырмыз. Ол ұшатын болса 1 күнде шығатын өнімнің 30 пайызын отап кетеді.Ал басқа зиянкестерден айтарлықтай қауіп жоқ»,- деді Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Абила Қазиева.
Мамандар биыл шалғын көбелегінен қауіп жоқ дейді. Өйткені қазіргі ауа-райы олардың өсіп-өнуі үшін қолайсыз көрінеді.
Фото eldala.kz сайтынан