CaspianLife, 16 маусым — Атырауда 17 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр, деп хабарлайды Caspian Life облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сонымен бірге, 4 апаттық мектеп пен үш ауысымдық 11 мектеп жұмыс істейді.
Осыған байланысты биыл Атырау облысында бірнеше білім ордасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Атап айтсақ, елде халық санының көбеюіне байланысты Атырау қаласы мен қала маңындағы елді мекендерде 3540 балаға арналған 13 және аудандарда 600 балаға арналған 4 балабақша бой көтеруде. Оның 9-ы биыл жазда қолданысқа берілсе, 7-еуі келер жылы ашылады деп жоспарланған. Ал, бір бөбекжай бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Сонымен бірге, Атырау қаласы мен қала маңындағы елді мекендерде 10 мыңдай оқушыға арналған 5 және аудандарда 3140 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша бұл мекемелер биыл алғашқы білім алушыларды қабылдайды. Жалпы алғанда, 5 мектептің құрылысына жергілікті бюджеттен қаражат тартылады, 2 мектеп үшін – жеке инвесторлардың қаржысы, ал 2 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады.
Атырау облысы бойынша жалпы саны 21 600 оқушыға арналған 16 мектептің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде екі мектепке жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қалған 14 мектептің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Сондай-ақ, 2024 жылы тапсыру жоспарланып отырған тоғыз мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатынын атап өткен жөн, қазіргі уақытта шарт жасасу рәсімі жүріп жатыр, осы жоба бойынша 9 мектептің құрылысы биыл жазда басталады.
Фото: Рахим Қойлыбаев