CaspianLife, 14 маусым — 14 маусым — дүниежүзілік донор күніне орай Атырауда «Өзгеге өмір сыйла» атты акция өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
Іс-шараны 2018 жылдан бері ішкі саясат басқармасы мен қан орталығының қызметкерлері бірлесе отырып ұйымдастырып келеді. Дәстүрге айналған акцияның мақсаты — қала тұрғындарын ерікті түрде донор болуға шақыру және орталықтың тұрақты донорларына қолдау көрсету. Акция аясында түске дейін 60-қа жуық донордан жалпы көлемі 30 литр қан алынды. Ал былтыр акция кезінде 127 адамнан 54 литр қан жиналыпты. Мамандардың сөзінше, орталыққа келіп, 2-3 ай сайын қан тапсырып тұратын тұрақты 250 донор бар.
Іс-шара соңында ерікті донорларға алғыс хат және естелік сыйлықтар табыс етілді. Жыл басталғалы бері орталықта 8300-ден астам қан компоненті дайындалып, оның 7 мыңға жуық дозасы медицина мекемелеріне жіберіліпті. Дәрігерлердің айтуынша қан компоненттерін сақтау мерзімі шектеулі: тромбоцит 1 апта, эритроцитті масса 42 күн болса, плазма 3 жыл сақталады. Айтпақшы жасы 18-ге толған, салмағы 50 келіден асатын, денсаулығы мықты әрбір адам донор бола алады.
Фото: Қуаныш Құдайберген