CaspianLife, 14 маусым — Маңғыстаудағы «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнындағы ұңғымадан шыққан өрт әлі басылар емес. Осы жағдайға байланысты өңір басшысы Нұрлан Ноғаев шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Caspian Life.
Жиынға ҚР энергетика вице-министрі, құтқарушылар, «ҚазМұнайГаз», және «Бозащы » компаниясының өкілдері қатысты. Олар жалынды сөндірудің түрлі нұсқасын айтты. «Бозащы Мұнай» ЖШС бас геологы ұңғыманың айналасында пайда болған шұңқырды арнайы ауыр ерітіндімен толтыруды немесе газ қысымын төмендету үшін қосымша ұңғыма қазуды ұсынды. Сондай-ақ газ қысымының төмендеуіне байланысты өрт өздігінен сөнеді деген де пікірлер айтылды. Алайда мұны көпшілік қолдамады.
«Бұл жеңіл-желпі қарайтындай жағдай емес. Барлық мемлекеттік орган жұмылып, нақты іске көшу керек. Ол үшін әуелі жоспар қажет. Бізде техника мен тәжірибелі мамандар жеткілікті. Болмай бара жатса, ликвидация жасаумен айналысатын кәсіби компаниялардан көмек сұрайық. Ұялатын, қарап отыратын жер емес бұл», — деді облыс басшысы.
«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт 9 маусым күні басталды. Бұрғылау құрылғысын жоғары көтеріп жатқан кезде газды су қоспасы атқылап, ұңғыма айналасында диаметрі 15, тереңдігі 2-3 метр болатын шұңқыр пайда болған. Қазіргі уақытта оқиға орнында 89 адам тілсіз жаумен күресуде. 33 техника жұмылдырылған.