CaspianLife, 12 маусым — Атыраулық ғалым Болат Мұхамбетов шөлейтті аймақта өсетін шөптердің санын көбейтумен айналысып жүр, деп хабарлайды Caspian Life Caspian news арнасына сілтеме жасап.
Биология ғылымдарының докторы мал азығы ретінде пайдаланылатын көктің 20-ға жуық түрін өсіруді ғылыми тәжірибеден өткізіп, қолданысқа енгізіпті. Көздегенім — топырағы құнарсыз жерді жайылымға айналдыру, сол арқылы төрт түліктен алынатын ет-сүт өнімінің көлемін көбейту, — дейді профессор.
Ғалымның бастамасын жүзеге асыру үшін Махамбет ауданы әкімдігі Сарайшық ауылынан 1 гектар жер берген. Көк тамшылату әдісімен суарылады. Ғалымның бастамасы өңір шаруалары мен аудан әкімдігіндегі жауапты мамандарды да қызықтырып отыр. Бұл — шабындық алқаптары мен жайылымдық жерлерден мол өнім алуға мүмкіндік береді, — дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
«Бізде 2700 гектардың үстінде мал азықты дақыл егіледі. Ауданның шаруашылықтары жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Халел Досмұхамедов университетімен бірігіп тәжіриебелі жұмыс жасалып жатыр. Шаруашылықтан өз нәтижесін көріп өз егістіктеріне қолданып жатыр. Одан бөлек 2600 гектардың үстінде тауарлы егістік алқабы бар. Өткен жылы 1700 гектардың үстінде тамшылап суару қолдану арқылы егістік егілді. Биылғы жылы 1800 гектардың үстінде тамшылатып суару егістік егілді. Суармалы егістікте көпжылдық жоңышқа ,біржылдық суданка шаруашылықтардан көптеп өсіреді», — дейді Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев.
Ғылыми иниститут мамандарының сөзінше, шөптің бұл түрлері түрлері мал жайса да, орып алса да 180 күнге дейін тоқтаусыз өсе береді. Тұзды жерге төзімді дақылдар көктем айында тебендеп шығып, қараша айына дейін жайқалып тұрады.
Фото: Қуаныш Құдайберген