CaspianLife, 6 маусым Атыраудағы қоғам белсенділері «Ембімұнайгаз» компаниясының ұжымы қолға алған көгалдандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды CaspianLife
Олар ең алдымен Талқайран ауылының аумағындағы ағаштар отырғызылған учаскеге барып, жасыл желектердің жағдайын көзбен көрді. Кейін компания басшыларымен бірге көшет егіп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ 10 гектардан астам жерге жергілікті топыраққа жақсы өсетін 9 мыңға жуық көшет еккен. Олар тамшылату әдісі арқылы суарылады. Шыбықтарды күтіп-баптап, олардың жайқалып өсуі үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз деген компания өкілдері істелген жұмыс пен жоспарын да айтты.
Қоршаған ортаны сақтау, табиғи ресурстарын тиімді пайдалану , ластанған жерді тазарту, аймақтарды көгалдандыру жұмыстары бюджетімізден салмақты қаражат бөлінеді. Мысалы, жылдың басынан бастап Атырау аймағына 7 мыңнан астам ағаш отырғызды. Ластанған жерлерге келетін болсақ 2018-2022 жылдардың арасында 136 гектар жерді биологиялық технологиямен тазартып отыр. Жасыл белдеу жұмыстары болашақта жүргізіледі. Алда көздеп отырған 35 гектар жеріміз бар. Сол жерге шамамен 25-30 мың ағаш отырғызылатын болады — деді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Cәбит Арынов
Жалпы компания мен облыс әкімдігі 2021 жылы көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз деп меморандумға қол қойған. Нәтижесінде Талқайраң ауылынан 232 га жер телімі берілді. Аумаққа зерттеу жүргізген мамандар тек учаскенің 30 пайызына, яғни 71,3 гектар жерге көшет егуге болады деген шешімге келіпті. Кейін «Ембімұнайгаз» АҚ топырақ жамылғысының физикалық, механикалық және химиялық құрамын, жер асты суының химиялық құрамын зерттеп жұмысқа кіріскен.
Жұмыстар «қанағаттанарлықтай» деп баға береміз. Өйткені жақсы өсім бар. Агротехнологиялық кезеңдер сақталған. Енді алға қарай олардың өсіп жетілуі үшін суды пайдалануда, үнемдеуде және + дендрологиялық құрамды жаңартуда өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Ұсыныстар жүзеге асып, жұмыстар жүйелі жасалатын болса үміттер ақталады деп есептейміз — деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Атамекен ЭКО» ҚБ құрылтайшысы Арман Хайруллин
Компания келісім бойынша ағаштарды 3 жыл күтіп баптауы тиіс. Бірақ олар мерзім аяқталғаннан кейін де тағы бірнеше жыл бойы теректердің жағдайын жасағысы келеді. Және көшеттердің санын арттыруға да дайын. Және қала аумағында емес, өздеріне тиесілі кен орындары орналасқан аудандарға да «жасыл белдеу» жасау жоспарда бар. Тек әкімдік жер телімін бөлсе болғаны.