Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір журналистермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді, — деп хабарлайды сaspianlife.kz. Жиында БАҚ өкілдері көптеген мәселені көтерді. Дені — аудандарды ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үйлердің құрылысын уақытылы аяқтау және денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Әсіресе экология тақырыбы көбірек айтылды. Атырау аймағын экологиялық апатты аймақ деп тану мәселесіне қатысты облыс әкімі: «әуелі кәсіпорындарда қолданылатын технологияны тексеру керек» — деді. Білім туралы да айтылмай қалмады. Серік Шәпкенов білім сапасының төмендігі көп жағдайда мұғалімдердің біліктілігіне байланысты екендігін ескертті. Атырау жұртына белгілі қоғам белсендісі әрі «Казақпарат» агенттігінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Виктор Сутягин облыс әкімінен өртеніп кеткен көлігіне қатысты қозғалған қылмыстық істі ашуға ықпал етуді сұрады. Бұл оқиғаның өзінің кәсіби қызметімен байланысты болуы мүмкін екендігін де жасырмады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің журналистермен өткізген баспасөз мәслихатының толық нұсқасы сенбі, 3 маусым күні сағат 17:00-де «Каспиан Ньюс» телеарнасынан көрсетіледі.