CaspianLife, 26 мамыр – Былтыр Атырау облысында тонау фактісі 2 есе көбейіп, бұзақылық 57, ұрлық 2 пайызға артқан. Ал, кісі өлтіру фактісі 31, зорлау 60 пайызға азайыпты хабарлайды сaspianlife.kz.
Бұл туралы атыраулықтармен кездескен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Оның сөзіне сенсек, елдегі әрбір үшінші қылмысты бұрын сотталғандар, жұмыссыздар және ішімдік ішкендер жасайды. Министр бұл көрсеткішті төмендету үшін кінәлілермен емес, себептермен күресу қажет дейді.
«Қарап отырсақ, сол қылмысқа әкеліп соқтыратын себептер – әлеуметтік-экономикалық факторлар. Оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Енді біз әрине, біздің басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыспен күресу, оны анықтау, ашып, сотқа жолдау. Соны біз жасап жатырмыз, сондықтан. Бірақ, бәрі полицияның құзыретінде емес. Өйткені, көп жағдайда салдарлармен күресіп жатырмыз», -деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Кездесуде көтерілген ең өзекті тақырыптардың бірі синтетикалық есірткімен күрес болды. Бұған қатысты атыраулықтар да көп сауал жолдады. Министрдің айтуынша, синтетикалық есірткіні сақтау және тасымалдау фактісі 5 жылда 13 есе көбейіпті. Полицейлер былтыр 18 зертхананы жойып, есірткі сататын 1210 сайтты бұғаттаған. Атыраулық тәртіп сақшылары 5,4 келі есірткі тәркіленген. Бұл шамамен 8,6 мың дозаға тең.
«Кеше ғана Алматы облысында жуырда 3-4 ұйымдасқан трансұлттық қылмыстқы топты құрықтадық. Бұл дегеніміз не? Олар 85 прикурсорды алып келген Қазақстанға, 14 лаборатория жасауға оқталған. Ол дегеніміз жаңағы 20 млн доза шығарушы еді. 18 зертхана жойылды. Оны айналымға жіберген жоқпыз. Алдын алу жұмысы дегеніміз осы. 20 млн дозаға 3000 закладчик керек екен. Бірақ та, арты құныққасын 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылып жатыр жас жігіттер», — деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 3 есе артқан. Осыған байланысты әкімшілік кодекске біршама өзгеріс енгізілгені белгілі. Атап айтсақ, 1 шілдеден бастап полицейлер отбасылық зорлық-зомбылыққа куә болса, зардап шегушінің арызынсыз шара қабылдай алады. Министрдің сөзінше, тәртіп сақшыларына түсетін осындай 100 мың қоңыраудың 60 мыңында қорлық көргендер арыз жазудан бас тартады. Сонымен бірге, қос тарапқа татуласуға тек бір мүмкіндік беріледі. Екінші рет қайталанса, құқық бұзушы жауапкершілікке тартылады. Сонымен бірге, мұндай жағдайларға алкоголь де әсер етеді. Атырау облысында 20 орындық бір ғана медициналық айықтырғыш мекеме бар. Министр жергілікті басшылыққа олардың санын көбейту қажеттігі туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылы мен Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылында соңғы екі жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген. Бұған елді мекендерде алкогольдің сатылмауы себеп дейді министр. Жиын барысында осы екі ауыл әкіміне «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.Кездесу барысында жолдағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Мәселен, былтыр Атырау облысында жол апатынан қайтыс болғандар саны 4 пайызға артқан. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішінде жолдың сапасыздығы да бар.
«Облыста мысалы Атырау-Орал трассасы өте қауіпті болып табылады. Онда жыл басынан жол оқиғасы 67 пайызға өсіп отыр, 2 азамат қайтыс болды, 11-і ауыр жарақат алды. 12 сәуірде осы трассада көліктің көпірден 1 адам қаза тауып, бір адам жарақат алды. Осы мәселе жөнінде индустрия министрлігі, «Қазавтожол» және әкімдермен бірлесіп осы шараларды пысықтаймыз», -деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.