CaspianLife, 25 мамыр – Биыл Мақат пен Доссорда жаңа перрон салынады деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Отыз мың халқы бар осы екі кентке биыл перрон салынатынын айтып, аудан халқын қуанттып қойжы. Мақат кентідегі вокзал перронын күрделі жөндеу үшін 319 миллион теңгеден астам қаржы керек.Перрон ұзындығы 448,8 метр, ені 4 метр. Перрон аумағында 20,5х6 метр болатын әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Бұл ғимаратта желілік бөлім, демалыс бөлмесі, кафе, әжетхана және жүк қоймасы қарастырылған. Сонымен қатар, жобада Led шамдары бар 37 дана көше жарығы және жолаушылар ыңғайлығы үшін 10 отырғыш, 10 дана қоқыс жәшігі қойылмақ.
Қазіргі уақытта әкімшілік ғимаратқа инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың айтуынша, құрылыс заттарының бағасының күрт өсуі — мердігер мекемеге кері әсерін тигізуде. Дегенмен, қолға алған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал Доссор кентіндегі вокзал перроны бойынша жоба құны 127 млн 434 мың теңге. Перрон ұзындығы 300 метр, ал ені 4 метр. Жобада Led шамдары бар 23 дана көше жарығы және 6 отырғыш, 6 дана қоқыс жәшігі қарастырылған.