CaspianLife, 24 мамыр – «Дина Нұрпейісова – Атырау» бағытында қатынайтын пойыз жолаушыларының бірі тырысқақ ауруына шалдығуы мүмкін деген күдікпен оқшауландырылды деп хабарлайды сaspianlife.kz.
21 жастағы жолаушы өзін жайсыз сезініп, жолсеріктерден көмек сұрапты. Ал қалаға жақындай бергенде жағдайы күрт нашарлаған оны арнайы қызметкерлер күтіп алды.
«Оның қасында мейілінше ешкім болмауы керек, қасындағы пассажирлердің барлығы басқа вагондарға көшіріліп, байланыста болған адамдардың барлығын оқшаулау керек. Санитарлық қызмет күдіктіні алып кеткеннен кейін, сол вагонда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі», — дейді Атырау обаға қарсы күрес станциясының зертхана дәрігері Тілекші Ізмұхамбетова.
Жолда жұқпалы ауру жұқтыруы мүмкін деген жолаушы анықталған жағдайда пойыз қызметкерлері жедел әрекет етуі керек. Әсіресе, алдағы стансадағы мамандар дайын болу үшін мейілінше тезірек хабарлауы тиіс.
«Пойыз диспетчері дереу Атырау стансасының кезекшілеріне хабарлайды. «Осындай вагонда оба ауруымен ауырып келе жатқан вагон бар. Науқас бар» деп. Біздің станса кезекшілері барлық тиісті мамандарға хабарласып және оны вокзалдың бірінші жолына алуға жағдай жасайды. Өйткені, бірінші жолда науқасты түсіру, тиеу жеңіл»,- деді Атырау станциясының бас инженері Бекжан Жембетов.
Көпті әбігерге салып, арнайы мамандарды аяғынан тік тұрғызған бұл жағдай – шын мәнінде оқу-жаттығу жұмыстарының бір бөлігі ғана. Өйткені өмірде де болуы мүмкін. Сондықтан алдын алу мақсатында іс-шара өткізіп, дайындықты пысықтаған ешқашан артық болмайды, — дейді эпидемиологтар.
«Оқу-жаттығудың мақсаты мен міндеттері жолаушылар пойызында аса қауіпті инфекцияға шалдыққан науқасты немесе анықталған кезде эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізуге дайындығын тексеру, бағалау және тиімділігін арттыру болып табылады», — дейді эпидемиолог Гүлшат Әжіғалиева.
Мұндай оқу-жаттығу жыл сайын өткізіліп тұрады. Мамандардың айтуынша, осы уақытқа дейін пойыздарда қауіпті инфекцияны жұқтырған жолаушы болмапты.