CaspianLife, 23 мамыр — Атырауда электр энергиясының бағасы өсуі мүмкін деп хабарлайды caspianlife.kz.
Энергетиктерге сенсек, бұған осы уақытқа дейінгі бағаны қымбатсынған заңды тұлғалардың жергілікті жеткізушілермен келісім-шартты бұза бастауы себеп болып отыр. Өйткені компаниялар бағасы әлдеқайда арзан көтерме нарыққа көше бастапты. Каспий Құбыр консорциумы да тоқты пайдалану көлемін азайтқан. Мұнай алпауыты жылына тоқ үшін 80 миллион теңгеге жуық төлейтін. Сала мамандары «осы уақытқа дейін жеке тұлғалар үшін тариф ірі-ірі мекемелердің есебінен арзан болды» дейді.
«Қазақстан бойынша ең төмен тариф бізде, Атырау облысында. Жеке тұлғалар үшін 6 теңге 28 тиын. Ал заңды тұлғалар үшін ең жоғары тариф 33 теңге, 65 тиын», — деді “Атырау ЭнергоСату” ЖШС директоры Тұрлан Дошатов.
Ірі-ірі деген тұтынушылардың кетуі және жеке тұлғалар үшін тарифтің төмен болуы – электр энергиясын жеткізіп отырған компанияны тұралатуы әбден мүмкін. Және жалпы өңіріміз үшін де жақсы емес. Сондықтан бағаны көтергеннен басқа амал жоқ. Оның үстіне елімізде 2025 жылға дейін жеке және заңды тұлғаларға арналған тарифті теңестіруді көздейтін жоба қабылданды.
«6 теңге 28 тиындық тарифті орташа 24 теңге 52 тиынға жеткізу қажет. Бұл жерде енді бар салмақ шағын, орта кәсіпкерлік нысандарына түскелі тұр» ,- дейді “Атырау ЭнергоСату” ЖШС директоры Тұрлан Дошатов.
Қоғам белсенділері бұл өзгеріске қарсы емес. Әрине бағаны тым шарықтатуға жол бермейміз, бірақ тариф теңсіздігін жойған дұрыс, — дейді олар.
«Үлкен-үлкен компаниялардың жергілікті жеткізушілердің қызметінен әлден бас тартып, асығыстық жасамағаны дұрыс секілді. Тариф теңестірілген соң да мұндай қадамға барса болар еді. Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты, Қазақстан темір жолы көтерме нарыққа кеткендіктен, тарифтің өсуіне әсер етті»,- деді «Қазақстан халық партиясы» АОФ басшысы Балжан Досмұхамбетова.
Қысқасы 1-ші маусымнан бастап «Атырау жылу электр орталығы» мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты электр энергиясының бағасын қымбаттатпақ. Сондықтан тоқ жеткізушілер де қызметінің бағасын көтереді. Тараптар ортақ келісімге келе алмаса жеке тұлғалар үшін тариф 8 теңгеге, ал заңды тұлғалар үшін 40 теңгеге өседі.