CaspianLife, 22 мамыр — Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар Атырау облысы әкімдігінің алдына жиналды. Олар өздерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуды, тұрғын үй мәселесін шешуді талап етіп отыр деп хабарлайды caspianlife.kz.
«Біз балаларымызға жағдай жасалғанын қалаймыз. 4 жылдан бері кішкентайларымыздың мәселесін көтеріп келеміз. Бірақ, әлі күнге дейін шешілмей келеді. Қала әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының да қабылдауында болдық. Алайда, нәтиже жоқ», — дейді ерекше баланың анасы Гүлжан Хұсайынова.
Және ортопедиялық аяқ киім де — проблеманың бірі. Жетіспейтіндігі өз алдына, сапасы да көңіл көншітпейтін көрінеді.
«Бізді аямаса да, балаларымызды аяса қайтті?! Таңертең 8:00-ден бері әкімдіктің алдын жағалап жүрміз. Былтыр онлайн өтініш беріп, аяқ киім алдық. Өлшемі келмеді. 37 өлшемді 35 киетін балаға кигіземін?», — дейді ерекше баланы тәрбиелеп отырған Гүлдана Бисенғалиева.
Аналар қанша талап етсе де, кездесуге облыс әкімінің өзі емес, оның орынбасары Жасұлан Бисембиев шықты. Шенеунік аймақ басшысының аналарды тек кестеге сәйкес келесі аптада қабылдайтынын айтты.
«Облыс әкімі тұрғындарды кестеге сәйкес қабылдайды. Аймақ басшысы аналармен келесі аптада кездесемін деп отыр. Аяқ киіге қатысты мәселенің бары өтірік емес. Былтыр жауапты министрлікке хат жолдадық. Бұл жергілікті деңгейде шешілетін нәрсе емес», — деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Облыс әкімі орынбасарының басу айтқан сөзі қанағаттандырмаса керек, жиналғандар ҚР президентіне видеоүндеу жолдады.