CaspianLife, 22 мамыр — «100 аула» жобасы аясында Атыраудағы көпқабатты үйлердің аулалары жаңарып жатыр деп хабарлайды caspianlife.kz.
Өткен аптада шахар басшысы Мейірім Қалауи «Алмагүл» және «Вокзал маңы» ықшам аудандарына барды. Жұмыс барысын бақылаған қала басшысы мердігер мекеме өкілдеріне әлеуметтік маңызды нысандардың сапалы салынып, уақытылы тапсырылуы қатаң қадағалауда болатынын айтты.Сондай-ақ, әкім Тайманов 58 мекен жайында ағымдық жөндеу жүріп жатырған тұрғын үй қасбетінің құрылысына барып, мердігерлермен кездесті. Аталған аумақ тұрғындары 10 жылдан бері үй қасбетін жөндеу мәселесін көтеріп келе жатырғанын айтқан қала әкімі қала аумағында осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасатынын жеткізді. Айта кетейік, 100 ауламен қатар биыл қосымша 150 ауланы абаттандыру үшін жоспар жасақталып жатыр. Сонымен қатар, қала шетіндегі ауылдық елдімекендерде 12 және жеке тұрғын үй секторларында 18 жаңа спорттық ойын алаңдары салынады. Жалпы «100 аула» жобасы былтыр пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың ұсыныстарына сәйкес жасақталған еді. Жоспарға сәйкес мердігер тұрғын үйлердің аулаларының автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпқа келтіріп, автотұрақтар салып, қоршаулар мен түнгі жарық шамдарын орнату тиіс. Және балаларға арналған ойын, спорттық-жаттығу алаңдары мен кіші аяқ доп алаңдарын салып, тал егіп, қоқыс жәшіктерін орнату да жауапты компанияға міндеттеледі.
Фото: Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен