CaspianLife, 17 мамыр — Атыраудағы полиция қызметкерлері жеке тұлғаларды негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартқан, деп хабарлайды CaspianLife.
Мұны Атырау қалалық прокуратурасы хабарлады. Полицейлер жүргізушілерден өзімен алып жүруге міндетті емес құжаттарды талап еткен. Нақтырақ айтқанда, көлік иелерінен жеке басын куәландыратын құжатты сұрап, болмаған жағдайда айыппұл салған. Прокурорлардың сөзінше, полиция қызметкерлері автокөліктің иесінің деректерін мобильді планшеттері арқылы анықтай алады. Талдау жұмыстарының нәтижесінде 1079 әкімшілік қаулының күші жойылыпты.
««Жеке басын куәланадыратын құжаттар» туралы заңға сәйкес электронды нұсқадағы құжаттар қағаз құжаттармен бірдей. Сол себепті полиция қызметкерлері тарапынан жеке басын анықтайтын құжаты жоқ деген толтырулар заңсыз болып табылады. Осыған байланысты қала прокуратурасы наразылық енгізді. 1079 әкімшілік қаулының күшін жойылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 2 мыңнан астам әкімшілік қаулының күші жойылып, 24 полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды» — деді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиев.
Фото: Baq.kz