CaspianLife, 28 сәуір — Атырауда садақ атудан халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
«Алтын Орда» деп аталған сайысқа 12 елден келген 150-ден астам садақшы қатысып, 3 тур бойынша мықтылықтарын көрсетті. «Осындай турнирлер арқылы халықтың садақ атуға деген қызығушылығын арттыруға болады» — дейді ұйымдастырушылар.
«Қатысушылар ерлер және әйелдер болып екі категорияда атады. Және 3 түрлі нысанада атады. Бірінші нысана түріктің «Пута» нысанасы 70м ерлер үшін, әйелдер үшін 60 м қашықтықта. «Орта Азия» нысанасы 35 м қашықтықта және финалдық кездесулер 40 м қашықтықта өтеді. Және 30 м қашықтықта «Жамбы» нысанасы, яғни жоғарыдан төмен қарай жіпке ілініп тұрады, қоғалмалы нысана болып табылады» — деді Batu Han Zhebesi облыстық федерациясының бас тренері Диас Милат.
Турнирге тек Азия елдерінен емес, мұхит асып жеткендер де болды. Мартин Пиникюс АҚШ-тың Колорадо штатынан арнайы ұшып келіпті. Ол Қазақстанға келіп, ерекше сезімді бастан кешіп жүрмін дейді.
«Қазақстанға алғаш рет келдім. Қатты қуанып, көтеріңкі көңіл-күйде жүрмін. Шынымды айтсам, мұндағы халықпен бауыр секілдіміз. Бір-бірімізге қатты ұқсайды екенбіз. Турнир де өте жақсы ұйымдастырылған екен. Осы спорттың дәстүрлі америкалық түрімен айналысқаныма 25 жыл болды. Ал қазақша түрін үйреніп жүргеніме 4 ай өтті» — деді турнир қатысушысы (АҚШ, Колорадо) Мартин Пиникюс.
Дәстүрлі садақ ату сайысына әйелдердің де қызығушылы жоғары екендігі байқалды турнирде. Өйткені қатысушылардың 40 пайызы нәзік жанды.
«Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған,қатысқаныма қуаныштымын. Бүгін финалға өттім. Спорттың осы түрі бізге ата-бабамыздан мұраға қалған. Денсаулыққа пайдалы. Садақтың, жебенің тарихы тереңде жатыр. Әр ұлттың өз ерекшелігі, өз тарихы бар» — деді садақшы (Қырғызстан) Сапаргүл Бердалиева.
Елімізде дәстүрлі садақ ату спорты 90-шы жылдардан бастап дамыды. Соңғы 5 жылда спорттың бұл түрі ұлттық деңгейге көтерілді.