CaspianLife, 28 сәуір — Маңғыстауда тағы бір ауыл ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды CaspianLife.
Маңғыстау облысының халқы су тапшылығының зардабын жылдан жылға қатты сезініп келеді. Қазір Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр. Олар суды арнайы көлікпен алдыртуға мәжбүр. Ал, оның бағасы тарифтен бірнеше есе қымбат. Тұрғындар ауыз су үшін қазір айына 10 мың теңгеге дейін төлеп отыр, Кейбіреулердің шығыны 40 мың теңгеге дейін жеткен.
«Амал жоқ частныйға звондайсын. бұрын 5-6 мың болған қазір минимум 10 мың теңге. Олар бізге өтірік айтасыңдар дейді. Тек жалғыз мен айтпаймын, бүкіл халық айтып отыр су жоқ деп» — деді — деді «Маңғыстау» ауылының тұрғыны Максим Байзбозов.
Коммуналдық мекеме мамандарының айтуынша, өңірдегі су тапшылығына байланысты тіршілік нәрі ауыл тұрғындарына сәрсенбі және сенбі күндері ғана беріледі. Одан бөлек, «Каспий» су тұшыту зауытындағы құрылғылардың бірінің істен шығуы да жығылғанға жұдырық болып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.
«Су тұшыту зауытындағы құрылғылардың біріне химиялық тазарту жасалуда. Зауыт «Маңғыстау жылу» мекемесінің 630 млн теңге қарызы бар екеніне қарамастан, халыққа су беріп отыр. Тұрғындар саны да жыл өткен сайын көбейіп барады, бірақ су көлемі көбейер емес» — деді «Маңғыстау жылу» КММ басшысының орынбасары Жасұлан Мұханбетқалиев.
«Мұнайлы ауданында халық саны жылдан жылға артып келеді. Былтыр мұнда 173 мың адам болса, қазір 189 мыңға жеткен. Зауытты іске қосқан кезде Басқұдық, Бесшоқы, Шерқала және Маңғыстау-5 ауылдары біздің есебімізде болған жоқ» — деді «Каспий» су тұшыту зауытының бөлім басшысы Мұрат Тілепиев.
Қысқасы мәселенің обьективті, субьективті себебі жетерлік. Көлікке су құятын жердегі кезек болса күн сайын көбейіп барады. Су таситын көлік жүргізушілеріне бір цистернаны толтыру үшін 5 сағаттай уақыт керек. Сондықтан олар рейс санын қысқартқан.
Фото: inbusiness.kz