Life, 27 сәуір – «Бомба қойылған». Бүгін полицейлерге Атырау агро-техникалық колледжінен хабарласқандар оқу орнының электронды поштасына осындай мазмұндағы хат келгенін айтып, көмек сұрады деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Хабарлама түскеннен кейін студенттер бірден қауіпсіз жерге шығарылған. Алайда, тәртіп сақшылары колледждің қуыс-қалтарысына дейін тексеріп, ешқандай жарылғыш зат таппады. Қаладағы оқу орындарына бомбаның қойылғандығы туралы ақпарат осымен үшінші рет тарап тұр. Бұған дейін Апек петротехникал колледжі мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде де дәл осындай дүрбелең болған еді. Қазір полицейлер күдіктілерді іздестіріп жатыр. Тапқан жағдайда ол қылмыстық жауапкершілік тартылады.
«Егер де жарылғыш зат қойылды деген ақпарат келетін болса ҚР ҚК 173 бабымен 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, 14 жасқа толмаған балаларды заңды өкілі немесе ата-анасы ҚР ӘК 127 бабы бойынша 10 АЕК айыппұл төлейтін болады», — деді облыстық ПД ресми өкілі Дина Мақсотова.