CaspianLife, 25 сәуір – Атыраулық ихтиолог Асқар Камеловтың «Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдастар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Бұл — ғалымның жарыққа шыққан үшінші кітабы. Бұған дейін автор орыс бекіресі және бекіре тұқымдастар туралы қызықты мағлұматтар жинағын шығарған.
«Кітапты кәдімгідей монография деуге болады. Ол біріншіден біздің Жайық-Каспий бассейіндегі барлық бекіре тұқымдас балықтарға арналған. Ол өздеріңіз білетіндей қортпа, шоқыр, сүйрік, бекіре деген балықтарға арналған. Жабайы балықтарды зерттедім»,- деді «ҚазЭкоЖоба» ЖШС бас ғылыми қызметкері Асқар Камелов.
Асқар Камеловтың балық шаруашылығы саласын зерттеумен айналысып жүргеніне 40 жыл. 500 дана кітаптың жарыққа шығуына жергілікті мұнай компанияларының бірі демеушілік жасаған.