CaspianLife, 24 сәуір – Маңғыстау облысында мектепалды даярлық сыныптарына бала қабылдамай жатыр деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Маңғыстау облысында мектептерде орын тапшы. Биыл ата-аналар мектеп алды даярлық сыныптарына балаларын қабылдата алмай жүр. Солардың бірі – Ақерке Оразова. Келіншек бірнеше мектепке барып, педагогтардан «орын жоқ» деген жауап естідім деп мұңаяды.Ақтау мектептерінде орынның жетіспеуі себепті биыл кейбір білім беру ұйымдарының басшылары мектепалды даярлық сыныбына бала қабылдамаймыз деп отыр. Мамандар мұны өңірдегі демографиялық өсіммен байланыстырады. Баланың көптігі соншалық биыл мұндағы әр мектепте 20 бастауыш сынып ашылмақ.
Облыстағы үш мектеп құрылысының тұрып қалуы да «жығылған үстіне жұдырық» болып тұр. Олар уақытында пайдалануға берілсе, тағы 3 жарым мың баланы қамтыған болар еді. Ал шенеуніктер құрылысқа бөлінген қаражатты қайта қарастырып жатырмыз дейді. Орын тапшылығы мектепке барып жүрген оқушылар үшін де өзекті. Өйткені үш ауысыммен оқитын оларға қаншалықты сапалы білім беріледі дейді ата-аналар. Ал шенеуніктер болса, мектепалды даярлық сыныптарына қатысты мәселенің 2025 жылға қарай шешілетінін айтады. Себебі алдағы екі жыл ішінде өңірде замануи 24 мектеп салынатын көрінеді.
Фото: vechastana.kz сайтынан