CaspianLife, 24 сәуір – Биыл Атырау мен маңғыстаулық түлектерге 3 мың грант бөлінеді деп хабарлайды сaspianlife.kz
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мектеп бітіруші түлектерге арналған жәрмеңке өтті. Мұнда еліміздің 42 ЖОО өкілдері қатысып, білім алушыларға ақпарат берді. Былтыр Маңғыстау және Атырау өңірінің оқушыларына 10 мың грант бөлінсе, Атырауда оның 800-дейі ғана игеріліпті. Оның себебі, мақсатты грант туралы ақпараттың дұрыс таратылмауы дейді мамандар. Сондықтан, биыл бұл қателікке жол бермес үшін осындай шара ұйымдастырылып отыр.Жәрмеңкеге университет өкілдерінен бөлек, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі мен Ұлттық тестілеу орталығының басшысы қатысты. Вице-министрдің сөзінше, биыл бөлінетін мақсатты грант саны бірнеше есе азайған.
«Биыл батыс өңірлеріне арналған 5000-ға жуық грант бөлінетін болады. Соның 90 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтар үшін, қалған 10 пайызы педагогикалық мамандарға арналған», — деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
ҰБТ тапсырған түлек мемлекеттік грантқа ие бола алмай қалған жағдайда, нысаналы грантқа өтініш бере алады. Мұндай мүмкіндік колледж түлектеріне де беріліп отыр. Гранттың бұл түріне ие болу үшін жергілікті емес, өзге облыстардағы ЖОО-на түсу міндетті.
Фото:ken-zhyloi.kz сайтынан