CaspianLife, 20 наурыз — Биыл Жылыой ауданындағы Жем өзенінің арнасы суға толды, деп хабарлайды CaspianLife.
Жемнен бастау алатын Құрсай өзегі мен Қамыскөл де арнасынан асардай боп тұр. Аудан халқының көңілі жайлы. Жұртшылық өзен деңгейінің көтеріліп, салаларының суға толып, бұлақ көздерінің ашылғанына қуанышты.
«Мал бағу оңай емес, осыдан 2 жылдың аржағында 3-4 жыл қатарынан қатты қуаңшылық болды. Су аз келді, шабатын шөп те болмады. Әкелген шөптер қымбат болды. Былтыр да, биыл да Жем суы мол келді. Әсіресе биыл тіпті мол. Қазір малдарымыз рахаттанып, Жем суынан су ішеді. Бұл енді күзге дейін қыстай, малымызға су болады. Шабындық та мол болады. Су қайтқан уақытта шөпті жақсылап шауып аламыз. Соған жұмыстанамыз. Биыл менің жанымдағы шаруашылықтар қатты қуанып жатыр» — деді Жылыой ауданының тұрғыны Жұмсат Нармағанбетов.
Жылыой жеріне өр суы жылда сәуірдің 5-10 аралығында келе бастайтын. Биыл наурыздың басында, яғни бір ай бұрын жетті. Мұндағы негізгі кәсіп – мал және егін шаруашылығы болғандықтан, халық Жемге тікелей тәуелді. Ал оның аудан аумағындағы ұзындығы 212 шақырым шамасында.
«Жем өзені кей жылдары тасымай қалады. Осы алдыңғы 4-5 жыл бойы су тасымай қалып, құрғақшылық болып, өте қиыншылық кездер болды. Енді былтырдан бері қарай жақсы, су биыл жақсы келді. Көп жылдан бері шықпаған жерлерге су шықты. Бұйырса шабындықтың көпшілігі өзіміздің шабындық алқаптарынан дайындалады деп күтілуде» — деді Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев.
Су мол келгесін тасқынның алдын алу мақсатында біраз жұмыс жасалды. Құлсары қаласындағы бұзылған бөгеттер қалпына келтіріліп, шлюздер тазартылды. Тұрғызба ауылында бөгет тұрғызылып, Қарағай елді мекені маңындағы Құрсай өзегі бойындағы жыралар нығайтылды.
Фото: Baq.kz