CaspianLife, 19 наурыз — Ғалымдар бекіре тұқымдастардың қозғалысын бақылауда ұстамақ. Бұл үшін «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары кәрі құрлықтан акустикалық жабдық алдыртыпты, деп хабарлайды CaspianLife.
Арнайы құрылғы негізгі екі бөлшектен тұрады. Бірі балықтың денесіне орнатылатын чип. Екіншісі сингал таратқыш арнайы станция. Ол судың астында ғана жұмыс істейді. Ихтиологтар соның көмегімен балықтың жүру жолы, жылдамдығы туралы және өзге де ақпаратты жинақтайды. Атырауға Германиядан арнайы келген маман осы құрылғыны пайдалану тәртібін жергілікті ғалымдарға үйретті.
«Біз қолданғалы отырған акустикалық трекинг бақылауды белсенді түрде жүргізу үшін ыңғайлы. Яғни бірнеше сағат немесе бірнеше күн бойы жасалатын зерттеу жұмысына лайықталған. Балыққа чипті орнатқан соң оның артынан сигнал арқылы ілесіп отырамыз. Бұл белсенді бақылау деп аталады. Ал кейін пассивті бақылауға көшу ойда бар. Бұл құрылғыны тек балықтарға ғана емес, басқа да жануарларға қолдануға болады» — деді InnovaSea компаниясының өкілі Андре Штекенройтер.
Былтыр қазақстандық ғалымдар ресейлік әріптестерімен бірге Каспий теңізі мен Жайық өзеніндегі бекіре тұқымдастардың миграциясын бақылаудың жаңа әдісін сынақтан өткізген болатын. Биыл енді зерттеу жұмыстарына көшкелі отыр.
«Біздің Атырауға келген басты себебіміз мемлекеттік тапсырыс бойынша бекіре тәріздес балықтардың жай күйін экологиялық, генетикалық мониторинг жүргізу мен қатар аналық үйірлерін қалыптастыру. Мақсатымыз жобаны жүзеге асыру болатын. Біз осындай иновациялық, акустикалық әдістерді қолдану арқылы ғана біз олардың жайын анықтай аламыз» — деді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алматы қалалық филиалының қызметкері Гүлдана Маратова.
Мамандар осы жолы 4 бекіре тұқымдасқа чип орнатты. Балықтар ертең Жайыққа жіберіледі. Ал ғалымдар алдағы 3 ай бойы олардың артынан ілесіп, зерттеуге кіріспек.