CaspianLife, 18 наурыз — Ғасырдан астам тарихы бар тапаншаны тапсырған атыраулыққа мемлекет тарапынан 350 мың теңгеге жуық сыйақы берілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыс аумағында өткізіліп жатқан «Қару» акциясы аясында жергілікті тұрғын 1896 жылы Германияда жасалынған Mauser C96 атыс құралын полицейлерге табыстады. Иесінің сөзіне сенсек, тапаншаны әкесі Исатай ауданында мал бағып жүрген кезде шағылдан тауып алған. Раритет-тапаншаның ендігі орнын құқық қорғау органдары анықтамақ.
«Бұл қаруға қазіргі уақытпен есептегенде шамамен 130 жыл болған. Қарудың сақталуы өте жақсы күйде. Ешқандай жерін тат баспаған. Қазір оның атысқа жарамдылығы деңгейін анықтау үшін баллисткалық зерттеу тағайындадық. Баллистикадан кейін атыс деңгейін анықтайтын боламыз» — деді Атырау облыстық ПД ӘПБ инспекторы Арон Кенжебекұлы.