CaspianLife, 18 наурыз — Тасқала халқының мазасын қашырған ауыл іргесіндегі карьердегі жұмыс уақытша тоқтады. Анығырақ айтқанда, карьерді заңды иесінен жалға алған кәсіпкердің қазу жұмыстарын жүргізуге лицензиясы жоқ боп шықты. Яғни, кәсіпкер карьерді заңсыз қазған, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының айтуынша, 17 сәуірден бастап карьердегі жұмыс тоқтаған. Бірақ, карьердің мүлде жабылатыны немесе жұмысын әрі қарай жалғастыратыны белгісіз. Өйткені, оның заңды иесінің құжаты түгел. Ал одан жалға алып отырған кәсіпкер әкімдікке құжатын толық тапсырмаған көрінеді.
«Алған кәсіпкер басқа кәсіпкерге жалға берген. Сол құжатты біз тексеріп, алған адам бізге барлық құжаттарын әкеліп тіркелу керек. Ол кісі құжатын берген. Біздің басқарма қайтарып берген. Себебі жетіспейтін қағаздары болған. Соған қарамастан ол кәсіпкер жұмысты бастап кеткен. Сондықтан біз ол жұмысты тоқтаттық» — деді Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.
Естеріңізге салайық, өткен аптада Кеңөзек ауылының тұрғындары шаңнан көз аша алмай, топырақтың астында қалдық деп шағымданған еді. Және жайылым жерсіз қалдық деген жұрт ауылдан 1,5 шақырым қашықтықтағы карьерді жабуды талап еткен еді.