CaspianLife, 17 сәуір — 15 cәуір — қазақстандықтарға тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысуға пәрмен берілген күн. Осыған орай құрманғазылықтар «Боздақтар» обелискісіне гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды CaspianLife.
Одан әрі Смағұл Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Отан қорғаған оғландар» атты салтанатты жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев тәжік-ауған әскери қақтығыстарына қатысқан ардагерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. «Ана жүрегі » төсбелгісін марқұм Ербол Сахиевтің анасы Зинат Сахиеваның өңіріне қадады. Ал «тәжік-ауған ұрыс қимылдарына қатысқандардың қоғамдық бірлестіктігінің » медалімен Әнуарбек Өтепов, «Ер есімі-ел есінде» төсбелгісімен Руслан Каппазов, «Алаш батыры» төсбелгісімен Нұрболат Есаманов марапатталды. Іс-шара аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты
Қазір залдан ардагерлерді көріп, өзім ұлыммен бірге солардың ортасында отырғандай сезімде отырмын. 1995 жылдың күзінен 1996 жылдың ақпанына дейін ұлымнан хат болмады. Артынан «бізде бәрі жақсы» деген хабарды алдық. Сол кездегі 18-19 жастағы бозбалалар азаматтық борыштарын өтейміз, шекараны қорғаймыз деп өз еркілерімен әскерге аттанды. Балам аман-есен оралды. Үйленіп, перзент сүйді. 2015 жылы дүниеден озды. Ұлымның қаруластарына амандық тілеймін! Орталарыңыз ортаймай, дендеріңіз сау болсын!» — деді марқұм Е.Сахиевтің анасы Зинат Сахиева.
1993 жылы ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысы шығып, 500 адамдық атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан. 1993-2001 жылдар аралығындағы бітімгершілік операциясы кезінде 35 қазақстандық сарбаз қаза тапты. Солардың жетеуі — атыраулық.