CaspianLife, 17 сәуір — Атырау облыстық тексеру комиссиясы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына, қалалық ТҮКШ және құрылыс бөліміне, сондай-ақ «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-не аудит жүргізіп, жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге болатын заң бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 2,4 миллиард қаржылық бұзушылық болса, 1 млрд. теңгеден астам ақша тиімсіз жоспарланған, деп хабаралайды CaspianLife.
Ал орынсыз пайдаланған ақшаның көлемі 92 миллион теңгеден асады. Аудит нәтижесінде Атырау Жылу Электр Орталығы» АҚ-ның жабдықтардың тозуы себепті былтыр жұмысын 8 рет тоқтағандығы да белгілі болды. Ал автономды жылу қазандығы бар 339 объекті өткен жылы әзірлік паспортын алу үшін тиісті орынға құжат тапсырмапты. Бір ғана мысал — қалалық әкімдіктің теңгеріміндегі — «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС.
«Әзірлік паспортын алу үшін тиісті құжаттар ұсынылмаған. Ұсынылмаса да жүйелері қосылған. 2020-2022 жылы пункттер бойынша сарапшы ұйымдары энергетикалық сараптама жүргізбеген. Бухгалтерлік есеп бойынша 53 млн, 2020 жылы 200 млн., 2021 жылы 1 млрд. 637 млн. теңгені бухалтерлік есепте бұрмаланып көрсетілгендігі анықталды» — деді Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров.
Серіктестің былығы мұнымен бітпейді. Мекеме құрылғалы бері тауарды, жұмыс пен қызметі мемлекеттік сатып алу веб-порталына жарияламай, жұмыс істеп келген. 2021 жылы есепшотқа түскен 3 миллион теңгеден астам пайданың бір бөлігі қазынаға аударылмаған. Тағысын тағы. Тексеру комиссиясы осы мекемеге кем-кетікті түзетуді ұсынып, бақылауға алатындарын айтты. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы жылу жүйелерінің ұзындығы 420 шақырымнан астам. 68 % тозып тұр. «Атырау жылу жүйелері» мекемесі өздеріне қарасты құбырларды инвестициялық жоба арқылы өздері жөндеп отыр. Жиында ескірген құбыр мәселесін шешудің бір жолы ретінде оны мемлекет меншігіне алу туралы да айтылды.
«Коммуналдық меншікке алып, ремонттап қайта беру мәселесі. Біздерге коммуналдық меншікке береді. Біздер ремонттап қайта береміз+Қазір жұмыстар қарастырылып жатыр.Бізге ұсыныс әлі берген жоқ. Бергеннен кейін әрі қарай қарастырылады. 60-70 жыл болған құбырлар. Олар жыл сайын ремонттап келе жатыр. Ремонттағанның өзінде жыл сайын басқа жерлер қосыла береді. 2028 жылға дейін өздерінің жоспарлары бар. 53 пайызға дейін түсіру» — деді Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан Нұрғалиев.
Облыстық тексеру комиссиясы халық арасында жасырын сауалнама жүргізіп, облыс орталығындағы бірқатар тұрғын үйдің қыста жылуға жарымайтындығын анықтапты. Қалалық әкімдік бұған ПИК немесе тұрғындардың өздері кінәлі дейді.
«Біз КСК-ға дейінгі жылу жүйелерін алдыңғы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүрізіп бердік. Өзіміздің жылдық жоспарымыз бар. Жыл сайын орындап келе жатырмыз. Бірақ, әрі қарай ол аумақ КСК-ға қарайтын болғасын тұрғындар ортақ мүлік болғасын бұл жұмыстары КСК арқылы атқару керек. Қалада 336 иесіз тұрғын үйлер бар, кск жоқ. КСК құрылмағандықтан қала әкімдігі тарапынан жұмыстар атқарып келе жатырмыз. Бригада бар» — деді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Бақтияр Хамидуллаев.
Биыл қалалық әкімдік жыл соңына дейін иесізжатқан 33 шақырым жылу жүйесін өз балансына алмақ. Жалпы былтыр ТҮКШ бөлімі баланста жоқ объектілерді жөндеу үшін бюджеттен 92 миллион теңге жұмсапты. Облыстық энергетика басқармасындағылар алдағы қысқа дайындық қызу, жылу жүйелерінің тозу көрсеткішін 2-3 пайызға дейін азайтамыз деп отыр.
Фото: Sputnik.kz