CaspianLife, 14 сәуір — Атырау қаласындағы 10 құрылыс компаниясының ғана тұрғындардан үлескер ретінде қаражат тартуға құқығы бар. Яғни құжаттары түгел. Ал өзгелерінің құрылысты бастауға рұқсаты болғанмен, үлескер тартуға құқығы жоқ болса, кейбірі құрылысты бастайтыны туралы жергілікті әкімдікке хабар бермеген, не эскиздік жобасы келісілмеген, деп хабарлайды Caspian Life.
Жалпы облыс орталығында 43 тұрғын үй кешені бой көтеріп келеді. Олар бойынша қажетті ақпаратты сәулет-құрылыс басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасынан білуге болады.
«Басқарманың фейсбуктегі парақшасында нысандар туралы ақпараттар шығып тұрады. Сондай-ақ, бұл мәліметтерді сәулет және қала құрылысы бөлімінен алуға болады. Себебі, олар — үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беретін мекеме», — деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Әсет Сембаев.
Соңғы жылдары құрылыс компанияларына үлескер ретінде миллиондаған қаржат салып, соңында сан соғып қалып жатқандар көбейді. Прокурорлардың айтуынша, халық – елең еткізер жарнама мен арзан бағаның құрбаны болып отыр. Сондықтан, компания есепшотына қомақты қаражатты салмас бұрын құжаттарымен танысыңыз.
«Басты 4 құжат бар. Тұрғын үй салуға рұқсат берілгендігін растайтын, жобаның мемлекеттік сараптамадан өткендігін растайтын, құрылысты бастауға арналған арнайы хабарлама мен үлескердің қаржысын тартуға рұқсат берілгендігін растайтын құжат болуы керек. Егер тұрғындар осы құжаттарды сұрағанда болмаса, аулақ болған жөн», — деп ескертті Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзин.
Прокурорлар «тұрғындар пәтер сатып алар кезде бізге келіп кеңес сұраса, қол ұшын созуға дайын» екендіктерін айтады. Ал өздіктерінен әрекет етсе, мұқият болған жөн дейді. Жалпы 9 тұрғын үй кешенінің иелеріне үлескерлерден ақшаны заңсыз тартқаны үшін 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Қазіргі уақытта 2 кооперативке қатысты іс сотта қаралып жатыр. Тағы үшеуінің ісі тергеуде.
Авторы: Нұрбибі Теміртасова
Фото: caspianlife.kz